Табиғаттың өзі емші

Елдің арасында «Табиғаттың өзі емші» деген тәмсіл бар. Аталар айтқан осы бір сөздің астарына үңіліп көрдік пе? Үңілсеңіз, көп нәрсеге қанығар едіңіз. Адам баласы кейде түрлі аурудың зиянын көреді. Осындайда дертке дәру іздейміз. Дәрігерге барамыз. Олар қолдан келгенше емдейді. Қазір медицина дамып келеді. Неше түрлі құрал-жабдық бар.

Бұрынғы кезеңдерде қалай болған? Қазіргідей медицина қарыштап дамыған жоқ. Соның өзінде адамдарды емдеу ісіне ерекше мән берілді. Ежелгі за­мандарда емшілер дәрілік өсім­дік­терге назар салған. Олардың емдік қасиеттерін түсіне білді. Дәрілік өсімдіктер ұзақ жасауға да жол ашады. Сол бір кезеңдерде Қытай, Үндістан, Грекия мемле­кет­терінде осындай істер кеңінен өркен жайған екен. Біздің қазақ даласында да ондай адамдар болды. Ерекше қасиеті арқылы олардың атағы алысқа жайылды. «Дәрі шөптен шығады, дана көп­тен шығады» деген нақыл осыған байланысты айтылса керек-ті.

Дәрілік өсімдікпен емдеу ісі әлі де жойылған жоқ. Осы күндері Қытайдың ежелгі медицинасы әлемде алдыңғы орында тұр. Сол елдің дуалы ауызды дәрігерінің бірі: «Сенің денеңнің қуаты – өсімдіктің шырынында» деп айт­қан екен. Қытай жұрты аталмыш сөздің мәніне үңілген. Оны кәдеге жаратып та отыр. Өкінішке қа­рай, бұл жөнінен біз мақтана ал­маймыз. Өйткені, оған әлі күнге дейін самарқау кейіп танытып жүрміз.

Дәрілік өсімдіктер адам ағза­сына ешқандай зиянын жаса­май­ды. Қайта шипасын тигізеді. Қайсыбір кезеңде оған көзқарас дұрыс болған жоқ. Оны ескіліктің қалдығы деп ұққандар аз емес еді. Химиялық жолмен дайындала­тын дәрілерді тұтынып келдік. Дегенмен олардың кейбірі ден­сау­лыққа зиянын тигізіп жата­тын. Беріде оны түсінгендер саны көбейді. Әсіресе, Орта Азияда олардың саны бірден арта түсті. Сары құрлықтың орталық бөлігін мекен еткен тұрғындар өткен ғасырдың жетпісінші жылда­рында дәрілік өсімдіктерге маңыз бере бастады. Атап айтқанда, 1970-1980 жылдары Орта Азияда оған деген сұраныс бірден 250 пайызға жеткен. Қызығы, сұра­ныс артқанымен, оны жинау мен дайындау мәселесі күні бү­гін­ге дейін өз жүйесіне түсе алмай отыр.

Бүгінгі таңда дүниежүзі дәрі­лік өсімдіктерге көңіл бөліп отыр. Қазір дәрілердің 40 пайызға жуы­ғы табиғи шөптерден жасалады екен. Жер жүзіндегі кейбір мем­лекеттер осы бағытта арнайы зерт­теу жұмыстарын жүргізіп келеді. Олар жемісті еңбекке қол жет­кізуде. Қазақстанда ше? Бұл іспен бір-екілі адамдар ғана айналысып жүр. Осы мақсатта белсене жұмыс жасайтын арнайы орталықтар да жоқ. Соның салда­рынан халықтың көзқарасы әлі де селкеу. Оны ғылым ретінде зерттеу мәселесі олқы соғып тұр.

Қазір қаржысы бар адам Қы­тай асады. Дертіне дәру іздейді. Онда барлығы бар. Қолайлы жағдай жасалған. Сол елдің көптеген қалаларында дәрілік өсімдіктермен емдейтін орталық­тар жұмысын қызу жүргізіп жа­тыр. Олардың қатарында қазақ­стан­дық азаматтар жетіп арты­лады. Оған қаншама қаржыны жұм­сай­ды. Кез келген адамның қал­тасы көтере бермейді. Бірақ шы­бын жанын шүберекке түйген адам өзінің денсаулығынан несін аясын? Қарызданып-қауғаланып болса да, Қытай жеріндегі орта­лыққа барғанды қалайды. Дәрі­лік өсімдіктерді емдеу ісіне пай­далану атам заманнан жалғасып келеді. Бағзы замандарда Египет­тегі жұрт алоэ, қараған, анис жә­не басқа өсімдіктердің шипа­лық қасиетін білген. Төрт мыңдай жыл бұрын үнділіктер 760 дәрілік өсімдікті халық еміне пайдала­ныпты. Қытайда бұл мақсатта тұңғыш кітап 5 мың жыл бұрын жазылған.

Біздің қазақ даласында емші­лік­пен аты шыққан кісілер көп еді. Бұл сөзімізге дәлелді ұлан-ғай­ыр даланың қай қиырына бар­саң да, көз жеткізе аласың. Най­ман руынан шыққан Ырғызбай Досқанұлын көпшілік жақсы біледі. Ол кісі кезінде дана Абай­дың әкесі – Құнанбайды дертінен құлантаза айықтырған екен. Осын­дай асыл азаматтардың жо­лын жалғаған адамдар да болды. Өкініштісі, қазіргі күні олардың қатары өте азайып ба­рады.

Табиғаттың қыр-сырына қа­нық мамандар біздің елімізде 6 мыңнан астам өсімдіктің өсетінін айтады. Оның ішінде 500-ге жуы­ғы дертке дәру берерлік қасиеті бар екен. Біле білген адамға осының өзі қаншама байлықтың көзі деп айта аламыз. Алайда оған өз деңгейінде назар аударып жүрген ешкімнің жоқтығы қын­жылтады. Болмаса, қытайлар секілді біздің де өз емдеу тәсіліміз арқылы әлем жұртшылығының алдында абыройымыз асқақтар еді ғой.

Қазақстанда дәрілік өсімдік­термен емдеу ісіне медицина тарапынан күні бүгінге дейін өз бағасы берілген жоқ. Осының салдарынан жұртшылық оны тұтыну ісіне қорқа қарайтыны шындық. Себебі, кезінде жүргі­зілген саясаттың салдарынан дәрілік өсімдікпен емдеу деген ескіліктің қалдығы секілді болып жұрттың жадында жатталып қал­ған. Дегенмен, осы істі әрі қарай дамытып жүрген елдер бар.

Әділжан ҮМБЕТ. алынған жері

Advertisements
Пікір қалдыру

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s