Құм бұлау

Автор: Әзірлеген Тау ШҰБАР

Ғұлама, тәуіп, көріпкел – Құттыбай

Газетіміздің өткен сандарының бірінде біз Жетісу өнірінде ғұмыр кешіп, емшілік қасиетімен дараланған адамдар турасында материалдар ұсынамыз деген болатынбыз. Негізінен бұл деректер, естеліктер «Баршаға бақыт сыйлаған» кітабынан алынбақтын. Оның авторлары облыс медицина саласына еңбегі сіңген дәрігер Асылбек Қасабекұлы Меңіс, Серік Максимұлы Жансеңгіров және танымал журналист Жұмахан Майтжан.
«Жәрдем» газетінің бүгінгі санында біз халық арасында үлкен ғұлама, білікті тәуіп, әрі көріпкелдік қасиетімен күллі Жетісу өңіріне аты шыққан Жалайыр ішінде Сиыршы руының Тоқымбет есімді ұрпағынан шығатын Жұмағұлдан туған Құттыбай турасында әңгімелекпіз.
Құттыбай бабаның бір қасиеті ауру адамын емдетуге өзін алып кетуге келе жатқан кісіні күні бұрын сезіп, біліп отыратындығында. Сырқатынан айығатыны болса, хабаршымен бірге ілесіп барып, ем дарымайтынын білсе, өмірден өтетін уақытын да айтады екен.
Оған мынадай бір оқиға дәлел. Мезгіл сәскенің кезі болса керек, бірде Құттыбай баба қасында отырған ағасы Сүттібайға:
– Маған қазір қос ат мініп біреу келеді. Бірақ, мен оның шақыруына бармаймын, өте кеш келе жатыр,-дейді. Бұған таңырқаған Сүттібай:
– Саған тәуіптік аз болғандай, енді әулиелік те қонайын деген бе, оған да көз жеткізейік,-деп бір жараулы атты ерттетіп, мама ағашқа байлатып қояды.
Айтқанындайақ күн еңкейіп, ұясына қонуға таяған кезде жетегінде бір сәйгүлігі бар, атын сар желдірін біреу жетіп келеді. Құттыбай шақыра келген адамнан:
– Ауырып жатқан кіміңіз еді,-деп сұрайды.

Анау:
– Туған бауырым еді, дейді.
– Тым кеш келдің, туысқан… Бәлкім, Алланың жазуы да солай шығар. Мені әурелеме. Ауылыңның іргесінде кішкене су бар екен ғой, бауырыңның хабарын сол судан өте бергенде естисің, дейді Құттыбай баба.
Алыстан ат терлетіп келген ағайынды жалғыз қайтарғысы келмей, әрі інісінің көріпкелдігіне көз жеткізбек боп, Сүттібай да атқа қонады. Бұлар келген кісінің ауылына жақындап, кішкене судан өте бергенде арғы беттегі киіз үйден «шу» ете қалған дауыс шығып, артынша сұңқылдаған «жоқтау» естіледі. Сүттібай сол жерден кері оралып, ауылына келген бетінде «Тілімді алсаң сен мұныңды қой» деп жалынса керек. Бірақ, бойына дарыған қасиетті інісі қоймады.
Құттыбайдың тәуліктің қай мезгілінде болсын ауыл сыртына шығып, тыныстап, қиял құшағына беріліп жүретін әдеті бар. Бір күні таңға жуық тысқа шығып, ауыл төңірегін біраз қыдырыстап келе жатқанда аяқ асты иттер ырылдап үріп, әлдебір келе жатқан бейсуат жолаушыдан хабар беріп, тұра жүгіріседі. Бір кезде бел астынан жетегіне алған аты бар, біреу қылаң ете түседі… Салт аттыны Құттыбай алыстанақ жазбай таниды. Бұл болыстықтан дәметіп, бүкіл елді шулатып, дүрліктіріп жүрген Атанбай балуан екен. «Әй жазған-ай, «малым жанымның садақасы» деп келе жатырсыңау» деп, оның түнделетіп келісін бірден сезе қояды.
Атанбайдың бұл жүрісі шынында да бекер емес еді. Бұрын сан мәрте қойдың да, тайдың да тұтас етін бәстесіп бір өзі жеп кететін мешкей атанған Атанбайдан елдің алды жайлауға ерте қона бергенде қанағат кетіп, «Шыдасам түйені де түгімен жұтамын» деп бөседі. Мұны естіген ескі құрдасы Естібай: «Ей, найсап, түйені аузыңа алып қайтесің, жарылып өлгелі жүрмісің?! Бір аптаның ішінде екі бәсте ұтып, екі мал жедің. Шүкіршілік етпейсің бе, соған. Бірақ, тоқты-торымды кім жемейді? Шындасам сен сияқты мешкей емес, мен де жеймін. Сен шын жегіш болсаң, менде құйрығы тегенедей бір құнан қой бар, соны жеші. Егер сүйегінен басқасын көтере жеп кетсең, өзің қызығып жүрген сәйгүлігімді үстіне кілем жауып сыйлаймын» дейді.
«Айтылған сөз-атылған оқпен тең». Оны енді қайтара алмайсың. Ат десе иманындай көретін Атанбай дереу куә болатындарды жинап, Естібайдың құнан қойын алып ұрғызады. Обалы не керек, Атекең қойды жеуін жейді де, терлеп-тепшіп отырған күйінде шыңырау шыңдардан шыиырлап басталып, етегі телегей-теңіз болып, күркіреп ағатын суы мұздай Құтырғанбұлақ өзеніне қойып кеп кетеді. Тұп-тұнық боп, көлкіп жатқан судың бетіне шай қайнатымда-ақ май кілкіп шыға келеді.
Рас, адам бойындағы ішкен асты мұздай судың бойға тез сіңіріп, сорып алатыны бар. Бірақ, қанша дегенмен тастай судың адам ағзасына зардабын тигізбей қоймайтыны белгілі. Жарты айға жетпей үш дүркін бәске түсіп, үш малдың етін тұтас бір өзі жеп, үш дүркін тайдың тастай суық суына түсіп, жан сақтаған Атанбай ертесіне-ақ тырапай асады. Ыстығы күрт көтеріліп, «АҺлап, уҺлеп» қатты ауырады. Енді не істесін? «Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы». Ол дереу «Қаратәуіп» атанып жүрген Құттыбайға қос атпен кісі шақыртады. Келген хабаршының аузынан болған оқиғаны бастан-аяқ тыңдап білген Құттыбай баба елпелектеп тұра жүгірмейді. Аптыққан хабаршыға қандай ем-дом жасаудың жөн-жосығын айтып. Келген ізімен қайырып жібереді. Содан Атанбай атқосшының жеткізген хабарын естісімен дереу, артынып-тартынып, Жетіжалдың от қоламтасындай ыстық құмының ішіндегі Шаңқұдықтың басына жетіп құлайды. Өзін атқосшысына кеңірдегіне дейін ыстық құмға көмдіріп, шөлдесе сусынын ішіп, «құм бұлау» жасатып жатады. Құм бұлаудан шыға сап құдық қасындағы науаға құйып қойған суға түсіп шомылады. Түс қайта жалаң аяқ құм кешіп, шағыл-шағылды қуып қыдырыстайды. Үш дүркін «құм бұлау» жасап, төрт күн жалаң аяқ құм кешкен соң барып, жаны жай тауып, сүйек-сүйегінің қақсап, сырқағаны сап тыйылып, марғау күй кешеді. Дәретінің кішісі де, үлкені де қалпына түсіп, іштің жүруі де тоқтайды.
Әлгінде осының бәрін Құттыбай тәуіпке жыр ғып айтып, бас иіп, рахмет, алғысын қарша жаудырған-ды. Осы кезде Құттыбай бәйбішесіне бұрылып: «Мына қайныңа бірінші қайнатпаның бір тостағын құйып бер, мұның бүгінгі асы осы» деп итмұрын дәнінен қайнатылған тұнбаны Атанбайға ұсынады. Бір шар аяқ қайнатпаны Атанбай асып-саспай сораптап сіміріп қояды. Бұдан соң Құттыбай баба Атанбайға «Мешкей деген жақсы атақ емес» деп қазақтың бәтуәлі сөзін айтып ескертіп, «бұдан былай тәубе ғып, күтініп жүр» деп, ақыл-кеңесін береді. Сосын Атанбайдың екі қолының тамырын саусақтарымен басып көріп, «Иншалла, жүрегіңнің дұрыс соғып тұрғанына қарағанда іштегі бүкіл бүйрек, өкпе, көк бауырларың тиген суықтан арылғанға ұқсайды» дей келіп «мынау сыр, осыны оқтын-оқтын табаныңа жағып қойып жүр» деп оған ораулы дәріні ұсынады. Атанбай қайтарында «Айналайын алтын аға… Иені өлім аузынан ақыл-кеңесіңізбен алып қалған екенсіз… Еңбегіңіздің ақысы демеймін, үлкендігіңізді сыйлап қанжығаңызға байлаған олжам болсын, қабыл алыңыз» деп өзі жетектеп келген сүліктей ақ анау қара арғымақтың шылбырын мама ағаштан шешіп, қолына ұстатып, аттанып кете барады.
Құттыбай алғаш тәуіпшілік жасағаннан кейінгі екі жылда шипагерлігі Көксу, Қаратал өңіріндегі елге кеңінен тарап, алдына ат сабылтып алыстан да, жақыннан да келіп-кетушілердің көбейген кезі еді. Бір күні оның алдына жасы 30-35-тер шамасындағы тұлғасы тепсе темір үзерліктей жас жігіт келеді. Құттыбай өзін сөзге тартып байқап көрсе, сіркесі су көтермей, жүйкесі жұқарып, шарт кетіп, ашулана беретін сыңай танытады. Оның сөзіне қарағанда келіншегімен жанасқанда шауқаты бөлінбей, бірде іші өтсе, енді бірде қаталауы жиілеп қалатын болған. Намыстанып, «жауырды жаба тоқып,» «Құдай салды, мен көндім» деп, ешкімге сыр ашпай жүре беруге де болады. Бірақ, күдігін ақылға жеңдіріп, сырқатының себебін әуестікпен білмекші боп, Қаратәуіптің қасиетін сыртынан естіп арнайы келіпті. Құттыбай абдырап асықпай, әңгіменің арқауын арыдан тартты. Сауыртпақтап отырып, жас жігіттің мекен-жайын, жерінде жиде ағашының өсетінінін, елінің тары егетінін жан-жақты сұрап біліп алып, сөз төркінін іштей өзінше қорытындылайды. «Жерлерің ғой шөлейтті, құмды аймақ»,-дейді. –Ондай жердің шөлге шыдамай, суды, сусынды, шайды көп ішіп, сусамыр да болып жатады. Ішкенде сусындардың бәрі рахат болып көрінгенімен оның залалы көп, бірақ, оған ешкім ден қоя бермейді. Адам ағзасы өзіне қажетті қоректерді түйіршіктен-түйірлеп, мысқалдап жинайды. Адам бойының қаны солармен толып, қуаты солармен жиналады. Ал, біз сары самаурындағы шайды сарқылғанша ішіп, суық суды шөмішпен сіміріп, жиналған бойымыздағы сол барлық қуатымызды сақтай алмай денемізден ағызып жібереміз…»
Тәлімгер тәуіптің ақыл-ой парасаты жас жігітке ой салды білем, сол заматта:
– Сонда, ағатай, қалай, мен ауру емеспін бе?-дейді жұлып алғандай.
– Ауру сенде жоқ,-деп Құттыбай бұдан соң ағзадан кеткен қуатты жинаудың жолын айтады. – Еліңе барған соң ең алдымен жиде жина, оны ақтаған тарыға қосып жаныштай түй. Сүйегін екшеп тастап, жиденің сөлі сіңген тарыны сүтке бөктіріп, бал қаймақ, немесе шай қосып шылап, аз-аздап жей бер. Ал, тіпті болмаса жиденің өзін қайнатып іш,-деп кеңес береді.
Қасиетті Құттыбай емші адам ағзасына кездейсоқтан шығатын түрлі жара, бөртпе, қышыма, қотыр тәрізді жеңіл-желпі сырқаттарды да оп-оңай емдеп жаза білген.
Бірде ел намысын жыртып жүрген сол төңіректегі беделді де белгілі Бәйтерек деген балуан денесіне шиқан шығып, біреуді жіберіп, Құттыбай тәуіптен ақыл-кеңес сұратқанда, ол мырс етіп күліп: «Әй, қазағым-ай, соған бола да ат терлетіп, адам жібере ме?! Сыздауық, шиқан, сом дегенің екінің біріне шыға бермей ме» деп алып, бірақ, артынша жұмсақ жүректілігімен оның емін айтады. Жабайы алманың басы мен сарымсақ, оған аюдың өтін қосып, сыздауықтың аузына тартса тез-ақ жазылып кететінін ескертіп, жолаушыны жолға салады.
Бір күннің ішінде бірнеше науқасты қабылдап, емдеп, сырқатының жөн-жосығын түсіндіріп, енді біріне кеңес беріп, жайлана бергенде сәлем беріп тағы бір үлкен адам келіп жетеді. «Бет көрсе, жүз ұялады» демекші, ұзақты күнге келіп-кетушілерден енді ғана арылып, қажып-шаршап отырса да зәру боп жеткен пенденің мәселін қайтармайтын ғадеті бар еді. Қашан да өзін «Құдайдың құлымын» деп есептейтін Құттыбай шақыра келген үлкен адамның жүзіне жанарын тіктеп, істің мән-жайын сұрап көріп еді, сырқаттанып жатқан жалғыздың жалғызынан не өрбігелі, не өшкелі тұрған бір жасар нәрестенің тағдыры екен. Былайша айтқанда жеті атасынан бері жалғыздап қана өсіп келе жатқан елге сыйлы, егде тартқан Дүйсенбі деген ақсақалдың баласының баласынан туған нәресте – әл үстінде жатқан шөбересі болып шықты. Аттың бір тал қылындай ілініп тұрған тұқымның тұқияны – жалғыз шөбересі олай-бұлай боп кетсе, бір атаның жалғасы мәңгілік үзілмек. «Құдай оның бетін ары қылсын», деп еңірегенде етегі жасқа толып, ешкімге сенбей шауып жеткен сол нәрестенің ұлы бабасы, Дүйсебінің өзі екен.
Асылы, қазақ қашан да ұрпағын ұлықтаған. Сол үшін мал жинап, соның өмір жолында көзінен жас ағызып, қасіретінен қайғы жұтқан. Күні кеше бабаларымыз не көрмеді. Небір жойқын соғыс, зұлмат, зілзалаларға ұшырап, қырынан тиіп, қынадай қырған аурудан өздері өліп бара жатып, ұрпағын аман сақтап қалуға басын тігіп, жанын құрбан еткен. Сол апатты індеттерден қайыры болмай қаншамасы қырылды десеңізші! Әрқайсысы бір-бір рулы ел болатын ұрпақ атаулы жойылып кетпеді ме? Сондықтан қазақ ұрпақ жалғастығын қалайды. Соны салт, өнеге-үлгіге балайды. Өйткені ұрпақ – әулеттің жалғасы. Ал, әулет – темірқазық іспетті биік тұрған асқар шың. Шың ешқашан да жер бетінен жойылып кеткен емес десек, ұрпақ та жойылмауға тиіс. Десек те, адамдар да шыбын-шіркей сияқты, қырылып-жойылып жоқ болып кетеді екен. Ол – сақтанбағандықтан. Құдайдың: «Сақтанғанды ғана сақтаймын» дейтіні де содан болар.

Advertisements
3 пікір

3 thoughts on “Құм бұлау

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

w

Connecting to %s